Алматыда жаңа «Келешек мектептері» оқушыларды қабылдауға дайын ба

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 1 қыркүйектен бастап жаңа білім нысандары қолданысқа беріледі.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Жаңа оқу жылында мегаполисте 7 «Келешек мектебі» және қала әкімдігінің тапсырысымен салынған «Зерделі» шағын ауданындағы 550 орындық мектеп ашылады. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Кәрімғажы айтты.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Оның сөзінше, қалада 29 мың оқушы орнына әлі де тапшылық бар. Бірақ бұл сан жаңа білім нысандардың есебінен азаятын болады.

— 1 қыркүйектен бастап «Келешек мектептері», оның ішінде Түрксіб ауданындағы № 228 және № 229 мектептер оқушылар үшін есігін ашады. Қазіргі таңда ұстаздар мен оқушыларды қабылдау жүріп жатыр. 1-сыныпқа болжам бойынша биыл 31 мың бала қабылдаймыз. 31 тамызға дейін қабылдау жалғасады, — деді ол.

Сонымен қатар басқарма өкілі Алматыда үш ауысымды мектептер жоқ екенін атап өтті.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Оның айтуынша, «Келешек мектептерінің» өзге білім мекемелерінен басты ерекшелігі — аумағының үлкендігі мен жабдықталу деңгейі.

— Олардың аумағы типтік мектептерге қарағанда 15-20%-ға ұлғайған. Сонымен қатар кабинеттердің 40%-ы техникалық жағынан жабдықталған. Бұл — робототехника, физика, химия, жаратылыстану бағытындағы кабинеттер, — деді Гүлнұр Кәрімғажы.

Сондай-ақ Алматы қаласының Білім басқармасы № 228 және № 229 мектептердің жаңа оқу жылы алдындағы дайындығы көрсетті. Екі білім ордасының әрқайсысы 2 мың оқушыны қабылдауға қауқарлы. Оқушылар мұнда 1 ауысымда білім алатын болады.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Аталған мектептерде оқу пәндеріне арналған кабинеттерден бөлек тігін машиналары, арнайы құрал-жабдықтар қойылған ерекше сыныптар да бар. Атап айтқанда, робототехника, технология сыныптары, зертхана мен визуалды өнер кабинеті және т. б.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Одан бөлек «Келешек мектептерінің» әрқайсысында мәжіліс залы, 450 орынға асхана және 4 спорт зал қарастырылған. Екі спорт кеңістігі бастауыш сыныптарға, қалған екеуі 5-11 сынып оқушыларына арналған. Әр спорт залда баскетбол, волейбол, ұлттық спорт, үстел теннисі, спорттық гимнастика, футболға арналған жабдықтар алынған.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform
Фото: Досбол Атажан/Kazinform
Фото: Досбол Атажан/Kazinform
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

— Мектептің жобалық қуаттылығы 2000 балаға арналған. Қазіргі таңда 1 мыңға жуық бала жинақталды. 1 қыркүйек — Білім күніне орай мектебіміздің ашылу салтанатын өткізуге толықтай дайынбыз. Сонымен қатар мектебімізге балаларды тасымалдайтын 14 автобус бөлініп отыр. Олар шалғай аудандардан мектебімізге келіп оқитын оқушыларды тасымалдайтын болады, — деді № 229 мектептің директоры Алма Батырханова.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Сонымен қатар ведомство «Мектеп автобусы» жобасының жұмысын жеке таныстырып өтті. Гүлнұр Кәрімғажының айтуынша, биыл оқушыларды тасымалдайтын автобустар саны азайған.

— Осы жаңа 8 мектептің ашылуы арқасында қалада автобустардың саны өткен жылғы 287-ден қазір 250-ге қысқарды. Себебі жаңадан ашылған мектептер балаларға қолайлы жағдай жасап отыр. Оқушыларды алысқа тасымалдау қажет емес, үйлерінің қасынан оқуға бара алады, — деді ол.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Еске салайық, кейінгі бес жылда елімізде 1120 мектеп салынды.