Алматыда жаңа метро құрылысына байланысты Алатау даңғылы жабылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда метроның бірінші желісінің үшінші кезеңін салу жобасы аясында №1 станция құрылысы жүріп жатқан аумақта көлік қозғалысының сызбасы өзгереді.

Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

Қалалық көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, №1 бекет Алатау даңғылының бойында, Абай даңғылынан солтүстікке қарай орналасады.

Осыған байланысты 13 қарашадан бастап құрылыс аяқталғанға дейін Алатау даңғылының Абай даңғылынан Ұлықбек көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі. Бұл аумақтан жаңадан салынған айналма жол арқылы өтуге болады.

Әкімдік қала тұрғындары мен қонақтарынан жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, орнатылған жол белгілерінің талаптарын сақтауды сұрайды.

Айта кетсек, метроның бірінші желісінің үшінші кезегінің жобасы аясында ұзындығы шамамен 5,3 шақырым болатын аралық тоннельдер мен үш бекет салу көзделген.

№2 бекет Алатау даңғылының бойында, болашақта салынатын Төле би көшесімен қиылысатын аумақта орналасады. Ал №3 бекетті «Барлық» базарының аумағында салу жоспарланып отыр.

Бұл жерде метроны автобус бағыттарымен және жеңіл рельсті көлік жүйесімен (LRT) байланыстыратын бірыңғай көлік-ауыстыру торабы құрылады. Сондай-ақ жеңіл автокөліктерге арналған тұрақ салу қарастырылған.

Еске салайық, Алматыда «Қалқаман» метро бекеті 1 желтоқсанға дейін ашылатыны айтылды.