Алматыда жаңа метро желісіне жер алынып жатыр ма
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда биыл мемлекет қажеттілігіне 1 мыңнан астам жер учаскесі мен нысан алынады.
Былтыр Алматы қаласы қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков 126 жер учаскесін сатып алу үшін 9 млрд теңге бөлінетінін айтты. Ол алынатын учаскелер қолданыстағы көшелерді кеңейту және метро салуға қажет екенін атап өтті.
Осы орайда Kazinform тілшісі қала басшылығына сауал жолдап, метроның жаңа желісі үшін жер алу жұмыстары қалай жүріп жатқанын анықтады.
Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының жауабына сәйкес, 2024 жылы қалада мемлекет мұқтажы үшін 452 жер учаскесі мен жылжымайтын мүлік сатып алынған. Олар білім беру, денсаулық сақтау, инженерлік және көлік инфрақұрылымы нысандарын салу, сондай-ақ абаттандыру мақсатында алынған.
Ал биыл мемлекет қажеттілігі үшін 1235 нысанды (жер телімі) сатып алу жоспарланған. Олардың ішінде бүгінге дейін 248 мүлік алынып қойған. Бұл жер учаскелері көлік және жол инфрақұрылымын дамытуға, инженерлік инфрақұрылымға, әлеуметтік нысандарға – мектептер, емханалар, балабақшалар, саябақтар және т.б. нысандарға, сондай-ақ көшкін қаупі бар аумақтарды жою мақсатында алынған. Бірақ олардың қатарында метро құрылысы жоқ.
- Алматы қаласында метроның жаңа желісінің құрылысы бойынша (әуежайға дейін) нақты ақпараттың болмауына және жергілікті атқарушы органның жер учаскелерін алып қою бойынша тиісті қаулының қабылданбауына байланысты нақты жұмыстар басталған жоқ, - делінген Жер қатынастары басқармасының жауабында.
Еске салайық, Алматыда қала мен мемлекет қажеттілігі үшін жер телімін сатып алу жұмыстары жылдам әрі оңай өте бермейді. Мысалы, былтыр ашылуы қажет болған Саин көшесінің жаңа бөлігінде 1 үй үшін жұмыстар аяқталмай тоқтап қалды.
Алматы әкімдігі алдағы жылдары метрополитеннің екінші желісін «Жібек жолы» бекетінен әуежайға дейін, ал үшінші желісін «Сайран» бекетінен «Барахолка» базары арқылы Алатау қаласына дейін салуды жоспарлап отыр.