Алматыда жаңа перзентхана мен жедел жәрдемнің қосалқы станциясы салынады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Денсаулық сақтау нысандарын модернизациялау аясында Алматыда ескі ғимараттар бұзылып, орнына жаңасы салынады. 

Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде айтты.

– Осы жылдың маусым айында жедел жәрдем жүйесін жаңарту аясында ескісін бұза отырып, № 4 жедел жәрдем қосалқы станциясының жаңа ғимаратының құрылысы аяқталады. Бұл медициналық қызметтің сапасы мен тиімділігін арттырады, - деді қала әкімі.

Бұдан бөлек, тамыз айында «Думан» шағын ауданында бір ауысымда 500 келушіге арналған емхана құрылысына ЖСҚ әзірлеу аяқталады. 

– «Алатау» емханасын реконструкциялау, сондай-ақ ескісін бұза отырып, №2 перзентхананың жаңа ғимаратын салу жоспарланып отыр, - деп атап өтті Ерболат Досаев.

Еске салайық, бұған дейін аталған перзентхана ескі жаңа талапқа сәйкес келмейтіні туралы жазған едік. 

1937 жылы салынған ғимарат әбден тозған және қазіргі стандарттарға сәйкес келмейді. Жаңа ғимаратты жобалау аяқталып, 2025 жылдың маусымында сараптама басталады деп күтілуде.

Жұмыстың аяқталу мерзімі - 2026 жылдың соңы.

Айта кетейік, Алматыда денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуды қаржыландыру 2025 жылы 2,6 есе ұлғайтылып, 69,4 млрд теңгеге жетті.