Алматыда жаңа үйдің тұрғындары жөндеу жұмыстарын бастай алмай отыр: әкімдік не дейді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жаңадан салынған Buta Legend тұрғын үй кешені төңірегінде дау күшейді. Пәтер иелері төрт айдан бері жөндеу жұмыстарын бастай алмай отырғанына шағымданды.
Әлеуметтік желідегі жазба авторының айтуынша, тұрғындар кілтті қыркүйек айында алғанымен, төрт айдан бері үйде көптеген кемшілік анықталған және нысан қоныстануға толыққанды дайын емес.
– 1 желтоқсанға дейін үйде әлі де жылыту жүйесі қосылмаған. Бізге пәтерлерді комфорт+ деп сатты, бірақ іс жүзінде мүлдем олай емес. Ең басты сұрақ – бұл үй қалай пайдалануға берілді? - деп жазды ол.
Алматы әкімдігі бұл тұрғын үй кешеніндегі жағдайға қатысты ресми ақпарат таратты.
Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы Buta Legend тұрғын үй кешенін салуға қатысы бар барлық тарапқа – тапсырыс беруші Buta Legend ЖШС, мердігер Buta Group ЖШС, авторлық қадағалау жүргізуші BNK АрхПроект ЖШС және техникалық қадағалаушы «Экспертный дом» ЖШС-не жоспардан тыс тексеріс жүргізді.
Нәтижесінде нысанда көріктендіру және көгалдандыру жұмыстары аяқталмағаны, 3, 5, 6, 7, 8, 9-блоктарда ішкі әрлеу жұмыстары бітпегені, лифтілер орнатылмағаны, сондай-ақ жылу және ыстық су жүйелері қосылмағаны анықталды.
– 2025 жылы 21 қазанда басқарма Buta Legend тұрғын үй кешенін салуға қатысқан барлық тарапқа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 318-бабы бойынша әкімшілік шара қолданды, сондай-ақ тапсырыс беруші мен мердігерге аталған кемшіліктерді жою бойынша нұсқама берілді, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта инженерлік желілер бойынша барлық қажетті дайындық актісі алынған.
– Жылу, су және электрмен жабдықтау инфрақұрылымы қосылып, қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жеделсаты жабдықтарын орнату және көріктендіру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр, - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әкімдік қазіргі уақытта тұрғындар пәтеріне жөндеу жұмыстарын кедергісіз бастай алатынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін алматылықтар қандай мәселе бойынша жиі шағым түсіретінін жазғанбыз.