Әлеуметтік желідегі жазба авторының айтуынша, тұрғындар кілтті қыркүйек айында алғанымен, төрт айдан бері үйде көптеген кемшілік анықталған және нысан қоныстануға толыққанды дайын емес.
– 1 желтоқсанға дейін үйде әлі де жылыту жүйесі қосылмаған. Бізге пәтерлерді комфорт деп сатты, бірақ іс жүзінде мүлдем олай емес. Ең басты сұрақ – бұл үй қалай пайдалануға берілді? - деп жазды ол.
Алматы әкімдігі бұл тұрғын үй кешеніндегі жағдайға қатысты ресми ақпарат таратты.
Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы Buta Legend тұрғын үй кешенін салуға қатысы бар барлық тарапқа – тапсырыс беруші Buta Legend ЖШС, мердігер Buta Group ЖШС, авторлық қадағалау жүргізуші BNK АрхПроект ЖШС және техникалық қадағалаушы «Экспертный дом» ЖШС-не жоспардан тыс тексеріс жүргізді.
Нәтижесінде нысанда көріктендіру және көгалдандыру жұмыстары аяқталмағаны, 3, 5, 6, 7, 8, 9-блоктарда ішкі әрлеу жұмыстары бітпегені, лифтілер орнатылмағаны, сондай-ақ жылу және ыстық су жүйелері қосылмағаны анықталды.
– 2025 жылы 21 қазанда басқарма Buta Legend тұрғын үй кешенін салуға қатысқан барлық тарапқа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 318-бабы бойынша әкімшілік шара қолданды, сондай-ақ тапсырыс беруші мен мердігерге аталған кемшіліктерді жою бойынша нұсқама берілді, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта инженерлік желілер бойынша барлық қажетті дайындық актісі алынған.
– Жылу, су және электрмен жабдықтау инфрақұрылымы қосылып, қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Жеделсаты жабдықтарын орнату және көріктендіру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр, - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әкімдік қазіргі уақытта тұрғындар пәтеріне жөндеу жұмыстарын кедергісіз бастай алатынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін алматылықтар қандай мәселе бойынша жиі шағым түсіретінін жазғанбыз.