Алматыда жаңа жыл мерекесінде өтетін екі айтулы іс-шара

2023 жыл да аяқталуға санаулы сағаттар қалды. Мерекенің сиқырлы атмосферасына енетін уақыт келді. Осы орайда Kazinform жаңа жылда Алматы қаласында өтетін маңызды екі мерекелік іс-шараны ұсынады.

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда жаңа жылға арналған отшашу өтеді. Аталмыш іс-шара демеушілердің қаржысына ұйымдастырылады. Алматы қаласының әкімдігі отшашу кезінде қауіпсіздік шаралары қатаң сақталатынын хабарлаған болатын. 

Бұған қоса, 18.00-ден 20.00-ге дейін Алматының әр ауданында қысқы фестиваль аясында жаңа жылдық концерттік бағдарламалар өтеді.

Сондай-ақ 2023 жылдың 31 желтоқсанынан 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін Алматыдағы Абай алаңында алғаш рет Poetry Date Халықаралық жаңа жылдық поэзиялық акциясының түсірілімі болады. Трансляция Алматы уақыты бойынша сағат 14:00-де басталады және Қытайдың CGTN ірі жаһандық телевизиялық желісінің медиа платформасында тікелей эфирде көрсетіледі.

Әлемнің 7 қаласы ғана жаңа жылдық телемарафонға қатыса алады. Алматыдан басқа биыл Париж, Сидней, Каир, Мехико, Сиань және Чанши эфирге қосылады.

Трансляция медиа платформада 24 сағат ішінде өтеді. Акцияға кез келген адам қатыса алады, ол үшін өлеңді қазақ немесе орыс тілінде оқу жеткілікті.Poetry Date жаңа жылдық бейнебаянына қазақ эстрадасының жұлдыздары, танымал әртістер мен ақындар қатысады.