Алматыда жаңарған Тереңқұр-2 саябағын күтіп ұстауға 400 млн теңге жұмсалады

Фото: А.Павский/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Жақында алматылықтардың сүйікті орындарының бірі — Тереңқұр аймағында жөндеу жұмыстары аяқталды.

Бұрын суы тартылған тоған мен қараусыз аумақ болған Тереңқұр-2 саябағы толықтай қайта жаңғыртылды. Атап айтқанда, 2023 жылы тоған және оған іргелес аумақ коммуналдық меншікке қайтарылған. 2024 жылы құрылыс жұмыстары басталып, 2025 жылдың тамыз айында аяқталды.

Фото: А.Павский/Kazinform

Жалпы 4 гектардан астам аумақта заманауи саябақ құрылған: жағалауы бар тоған қайта қалпына келтірілді, балалар алаңдары, серуен жолдары, спорт және демалыс аймақтары жасалды. Жаңа жарықтандыру орнатылып, көгалдандыру бойынша жұмыстар жүргізілді.

Енді Алматы қаласының әкімдігі саябақты күтіп ұстау үшін 422 млн теңге жұмсамақ. Мұндай қызмет бойынша хабарландыру Мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланды.

Фото: А.Павский/Kazinform

Құжатта көрсетілген техникалық ерекшеліктерге сәйкес, жауапты ұйым Тереңқұр-2 саябақ аймағында көпірлерді, құбырларды және су қоймасын лайдан тазартуға міндетті. Одан бөлек су қоймасындағы қоқысты күнделікті жинаса, ал жалпы аумақта қоқысты аптасына бір рет жинап, шығаруы қажет.

Фото: А.Павский/Kazinform

Сонымен қатар қоршауларды жылына 2 рет сырлау, өсімдік жамылғысын 10 сантиметрден аспайтындай шабу, арамшөпті жұлу, арна жүйелерінде судың үздіксіз ағуын қамтамасыз ету, саябақ жолдарына күтім жасау, жасыл желекті суару сынды жұмыстар тапсырылады.

Еске салайық, былтыр алматылықтар әлеуметтік желіде Тереңқұрда ағаштар шабылғанына шағымданған болатын.