Алматы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт 16 мамыр күні сағат 12: 35-те Жетісу ауданы Төретай көшесі №2 екі қабатты үйден шықты.
«Өрт сөндірушілер аталған мекенжайға бір минутта жеткен. Келген кезде 2 қабатты тұрғын үйдің төбесі және екінші қабаты жанып жатқанын анықтады. Өрт 100 шаршы метр аумақты шарпыған, қатты улы түтіннен тұрғындардың өміріне қауіп төнді. Қызыл жалын кеңселері бар жапсарлас салынған ғимаратқа таралу қауіпі туындады»,- деп хабарлады департаменттен.
№ 8 өрт сөндіру бригадасының бастығы Азат Темірбаев газ-түтіннен қорғау қызметінің буындарына қол өрт сатыларын қолдана отырып адамдарды құтқаруға бұйрық берді.
Бірінші буын бөлімше командирі Әлімжан Бишемов, өрт сөндіруші-құтқарушы Шәкіржан Зарипов, өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрсұлтан Әбдікәрімов 2-қабаттан 9 адам, оның ішінде 4 бала құтқарды.
Сондай ақ 1 газ баллоны эвакуацияланды.
«Қабылданған жедел шаралармен өрт 20 минут ішінде жойылып, жапсарлас салынған ғимараттың барлық алаңына от таралуына жол берілмеді. Абырой болғанда зардап шеккен адам жоқ. Өрттің себебі анықталып жатыр»,- деп атап өтті ведомстводан.