Алматыда жапырақтар мезгілінен бұрын сарғайып жатыр: себебі неде

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жаз бітпей жатып ағаш жапырақтары сарғайып, түсе бастады. Kazinform тілшісі бұл мәселенің себебін анықтап көрді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Әдетте Алматыда ағаш жапырақтары күз ортасына қарай сарғайып, қала көшелері алтын кілем жамылатын. Алайда кейінгі жылдары тұрғындар мегаполисте жапырақтардың ерте сарғайып, қурайтынын байқап жүр. 2026 жылы да бұл құбылыс қайталанды.

Kazinform сауалына жауап берген Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, қалада ағаш жапырақтарының мезгілінен бұрын сарғаюына әртүрлі факторлар әсер етеді. Мәселен, шаһардың кей бөліктерінде ұзақ уақыт бойы аптап ыстықтың сақталуынан жапырақтар қурап қалады. Ыстық ауа райы бірнеше апта бойы созылса, бұл жасыл желекке қосымша салмақ түсіреді.

Осы орайда, басқарма «жапырақтардың мезгілінен бұрын кеуіп кетуіне судың жетіспеуі себеп болды» деген болжамды жоққа шығарды. Арнайы техниканы сумен толтыру қаладағы арнайы жабдықталған 22 су алу пунктінде жүзеге асырылады. Жасыл желекті суару үшін арық желісінің суы белсенді түрде пайдаланылады.

— Алматы аумағындағы жасыл желекті суару үшін түрлі су көздері пайдаланылады. Басты басымдық табиғи су ресурстарын, оның ішінде өзен суы мен арық желілерін барынша пайдалануға берілген. Бұл орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінің суын барынша үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта өзен суы жасыл желекті автоматты түрде суару үшін де қолданылады. Сондай-ақ механикаландырылған суару да жүзеге асырылады. Ол үшін тәулігіне орта есеппен 3 мың м³ жуық су кетеді, — деп хабарлады ведомство.

Сондай-ақ басқарма өкілдері соңғы үш жылда көшелерді, тротуарлар мен жасыл желекті суару үшін ауызсуды пайдалану дерегі тіркелмегенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қашан жергілікті ағаштар отырғызыла бастайтынын жазғанбыз.