Алматыда жаппай төбелес болып, екі адам пышақ жарақатын алды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал шығып, соңы жаппай төбелеске ұласты.
Төбелестің видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Полиция департаментінің мәліметінше, Әуезов аудандық полиция басқармасы суық қару қолдану арқылы бұзақылық жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
— Аталған тұрғын үй кешенінің тұрғындары арасында болған жанжал салдарынан қатысушылардың бірі екі адамға пышақ сұққаны анықталды. Оларға медициналық көмек көрсетілді, — деп түсіндірді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдіктілер анықталды. Қазір аталған қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Осыған дейін, қала мейрамханаларының бірінде өзара таныс ер адамдар арасында жанжал шығып, олардың бірі екіншісінің аяғына оқ атқаны туралы жазғанбыз.