Алматыда жартылай марафонға қатысқан екі адам қайтыс болды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы Almaty Half Marathon шарасы кезінде екі адам көз жұмды.
Марафон ұйымдастырушылары мәлім еткендей, жүгіру кезінде екі қатысушы көз жұмды. Оның бірі — 84 жастағы Аққоян Рсалиев болса, екіншісі 21 жастағы Нұрбол Ахмади.
— Ұйымдастырушылар регламентке сай әрекет етті: медициналық қызметтер, жедел қызметтер және полиция жедел және уақытылы қызмет көрсетті. Алайда қолға алынған шараларға қарамастан, қатысушылардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, — делінген хабарламада.
Жартылай марафон 20 сәуірде таңертең Тұңғыш Президент саябағынан Орталық стадионға дейінгі бағыт бойынша өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Аққоян Рсалиев 2021 жылдан бері жарыстарға тұрақты түрде қатысып жүрген. Бұған дейін Алматы жартылай марафоны мен Алматы марафонында 21,1 шақырым және 10 шақырым қашықтықты сәтті бағындырған.
Бүгінгі жартылай марафонның алғашқы километрінде әл-Фараби даңғылының бойында ер адам кенеттен өзін жайсыз сезініп, бір минуттан соң оған жедел жәрдем бригадасы көмекке келген. Ол кезде жүрек соғысы болмаған.
— Сағат 8:15–те Полиция департаментінің қызметкерлері қатысушы құлап қалғанын мәлім етті. Жедел жәрдем бір минуттың ішінде жеткен кезде, жүрек соғысы болмаған. Реанимациялық шаралар хаттамаға сай жасалды. Алдын ала қорытынды бойынша оған өкпе артериясының тромбоэмболиясы деген диагноз қойылған. Онда созылмалы артериалды гипертензия болған, — деп хабарлады 2/51 бригаданың дәрігері Әлібек Қожаназаров.
Қайтыс болған екінші адам — Нұрбол Ахмади. Ол да бұған дейін Winter Run 2025 шарасында 10 км арақашықтыққа жүгіруге қатысқан. Астана мен Алматыда өтетін жартылай марафонға, сонымен бірге Алматыдағы марафонға тіркелген.
Бүгін жартылай марафонның 16-километрінде ол есінен танып қалған. Оқиға орнына келген дәрігерлер реанимациялар шаралар жасаған. Алайда бригада келгенше ол қайтыс болып кеткен.
— 09:18-де оқиға орнына жеткен кезде ұйқы артериясында жүрек соғысы сезілмеген, тыныс алу тоқтаған, қан қысымы нөлге тең болды. Ренаимациялық шаралар хаттамаға сай жасалды. Нәтиже болмады. 103 бригадасы келгенше ол жан тапсырды. Алдын ала диагноз — өкпе артериясының тромбоэмболиясы, жедел жүрек жеткіліксіздігі, — деп атап өтті 8/58 бригада дәрігері Әйгерім Есдәулетова.
Дәрігерлер қатысушылар өлімі сот-медициналық сарапатамадан соң анықталатыны және оның нәтижелерін жақын арада марқұмдардың туыстарына хабарлайтынын жеткізді.
— Жүгіру шарасында қатысуға тіркелу кезінде барлық қатысушы физикалық тұрғыда спорттық шараға қатысуға дайын екенін және өз денсаулығыны үшін толықтай жауапкершілік алатыны туралы қолхат жазады. Бұл осындай марафондар өткізу кезіндегі әлемде қолданылатын тәжірибе. Almaty Marathon қатысушыларына арнап біз жыл бойы тұрақты түрде қауіпсіз жүгіруге дайындалу тақырыбында сарапшыларды шақырып, тегін ашық жаттығулар мен дәрістер өткіземіз. Шара басталатын күні тамақтану орындарында жедел көмек көрсету үшін барлық қажетті жабдығы бар медициналық ұжым отырады. Жүгіру бағыттарын алдын ала полиция, жедел жәрдем бригадалары талқылайды, — деді «Бірінші болу — батылдық» корпоративтік қордың атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.
Қор марқұмдардың туыстарымен хабарласты. Отбасыларына материалдық көмек көрсетуді жоспарлап отыр.
Еске салайық, 2022 жылы Алматы марафонының қатысушысы, 47 жастағы Рүстем Садықов мәре сызығын кесіп өткенен кейін қайтыс болған еді.
Осыған дейін мегаполисте Almaty Marathon-ға орай бірқатар көшенің жабылатыны және 68 қоғамдық көліктің бағыты уақытша өзгеретіні туралы жазғанбыз.