Алматыда жас қызға күш көрсеткен курсант ІІМ академиясынан шығарылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда ІІМ академиясының курсанты кәмелетке толмаған қызға күш көрсетті деген күдікке ілінді.
Бұл туралы жәбірленушінің әпкесі әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, қыздың бұрынғы жігіті кездесуге шақырып, оны өз көлігінде ұрып-соққан.
Алматы қаласының полиция департаменті бұл дерекке қатысты түсініктеме берді. Полиция мәліметінше, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, жан-жақты тергеу жүргізілген. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар қыз және өзге де тұлғалар толықтай сұралған. Алайда жәбірленуші ата-анасымен бірге арыз жазудан және сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартқан.
— Тексеру нәтижесінде қыздың денесінде көрінетін жарақат белгілері анықталған жоқ. Осы жағдайларды ескере отырып, сондай-ақ қадағалаушы органның келісімімен, қылмыстық іс жүргізуді заңда белгіленген тәртіппен қысқарту туралы шешім қабылданды, — деп хабарлады департаменттен.
Алайда полиция ҚР ІІМ Алматы академиясының тәртіптік комиссиясының шешімімен оқиғаға қатысы бар курсант оқу орнынан шығарылғанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде әйелді ұрып-соққаны үшін жазаланған әкім жұмыстан шығарылады.