Іс-шараға арнайы шақырылған шетелдік дәрігер Hatem Soliman Aboumarie (Royal Brompton and Harefield Hospitals, London, UK) қатысты.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басрқармасының мәліметінше, POCUS (Point-of-Care Ultrasound) тұжырымдамасы дәрігерлер науқасты тексеру кезінде-ақ, қосымша ультрадыбыстық диагностикалық процедураға жолдамасыз, өздері ультрадыбыстық зерттеу жүргізетін тәсіл болып табылады. Мұндай тәсіл емделушінің жағдайын ыңғайлы және жылдам бағалауға мүмкіндік береді. Демек диагностика уақыты қысқарып, дереу емдеуді бастау мүмкін болады.
"Бұл тұжырымдаманы клиникалық тәжірибеде қолдану бірқатар айқын артықшылыққа ие. Біріншіден, ол жоғары сапалы диагностиканың қол жетімділігін жақсартады әрі дәрігерлік қателіктердің ықтималдығын азайтады. Дәрігерлер палатада, жедел жәрдемде не шұғыл көмек көрсету бөлімдерінде науқасқа ультрадыбыстық зерттеуді тез әрі тиімді түрде жүргізіп, науқас өмірін сақтап қала алады", - дейді Қалалық кардиологиялық орталық директоры Роза Қуанышбекова.
Сонымен қатар, мобильді ультрадыбыстық диагностикада жасанды интеллектіні қолданудың артықшылығы ультрадыбыстық зерттеу арқылы жиналған үлкен көлемдегі деректі өңдеу және талдау контекстінде айқын болады. Машиналық оқыту және жасанды интеллект алгоритмдері алынған кескіндерді талдауды автоматтандыру, нәтижелерді интерпретациялау процесін жеңілдету және диагностикалық дәлдікті арттыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектіні қолдану сондай-ақ ультрадыбыстық диагностиканы әртүрлі мобильді құрылғылар мен қосымшаларға біріктіруді жеңілдетеді.
«Яғни, диагностикалық және емдеу процесіне қатысушылар - басқа мамандық дәрігерлері, мәселен, емдеуші дәрігер, медбикелер ультрадыбыстық зерттеуді пайдалана алады және жүргізе алады. Мұндай сезбектер құрылғының шағын өлшемі мен салмағына байланысты төтенше жағдай медицинасында кеңінен қолданылады. Визуалды ақпаратты смартфонға сымсыз тасымалдауды пайдалану, стандартты ультрадыбыстық аппаратқа қарағанда төмен құны оларды төтенше жағдайда, оның ішінде табиғи және техногендік апат кезінде пайдалануды жеңілдетеді. Өз кезегінде біз жақын арада бұл тәжірибені біздің орталықта енгізуді жоспарлап отырмыз», - дейді Роза Қуанышбекова.
Осылайша, POCUS тұжырымдамасы мобильді ультрадыбыстық диагностикада жасанды интеллектіні қолданумен бірге науқастың жағдайын тез, дәл және қолжетімді диагностикалауға мүмкіндік береді. Бұл емдеу нәтижесін жақсартуға және медициналық көмек алу уақытын қысқартуға септігін тигізеді. Жасанды интеллектің арқасында ауруды дәлірек анықтауға, оның кезеңі мен дамуын білуге болады.
Шара барысында дәрістер оқылып, портативті ультрадыбыстық диагностикалық жүйені қолдану арқылы жүрек патологиясы бар науқастарға зерттеулер жүргізілді.
«Шеберлік сабағы қатысушылардың кәсіби білімін толықтырып қана қоймай, қаланың медицина саласының дамуына зор үлес қосты», - деп атап өтті қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында.