Алматыда «Жасыл аула» науқаны басталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы «Жасыл аула» науқанының басталғанын хабарлады.

Фото: Алматы әкімдігі

Басқарманың мәліметінше, 30 наурыздан бастап қала тұрғындарынан көпқабатты үйлердің ауласы мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру үшін жапырақты көшеттерді алуға өтінімдер қабылданады. Көшеттер тегін беріледі.

«Науқан аясында бір адамға 20-ға дейін көшет бөлінеді, бұл ретте өтініш беруші отырғызылған ағаштарды алдағы үш жыл бойы күтіп-баптау туралы кепілді міндеттемеге қол қоюы тиіс. Өтінімдер 8 сәуірге дейін қабылданады. Осыдан кейін жолданған өтініштер қабылданбайды», — деп хабарлады қалалық экология және қоршаған орта басқармасы.

«Жасыл аула» науқанына қатысу үшін Jasyl.aula.almaty@gmail.com электронды поштасына келесі мәліметтерді жолдау қажет:

1. Қатысушының аты-жөні мен телефон нөмірі, ағаш отырғызылатын орынның нақты мекенжайы;
2. Ағаш отырғызылатын орынның фотосы (мамандарға орынды толықтай бағалауға мүмкіндік болуы үшін панорамалық форматта болғаны жөн);
3. Сұралып отырған көшет саны.

Көшеттер 13, 14 сәуір күндері Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Юрий Ким көшесі, 9 («Eco Almaty» ЖШС) мекенжайында 13, таратылады. Отырғызылған көшеттердің суретін жіберу қажет.

Қосымша ақпарат алу үшін Экология және қоршаған орта басқармасының Жасыл қорды басқару және мониторинг бөлімінің 7 (707-54) 6-17-70, 7 727 390 41 17 байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады.