Алматыда «Жасыл ел» жастар жасағының жұмыс маусымы аяқталды

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда «Жасыл ел» жасақтарының еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті. Еңбекте табандылық танытып көзге түскен студенттер марапатталды.

Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, осы жылдың қорытындысы бойынша 2100 жас уақытша жұмыспен қамтылды. Олар қала аумағында әртүрлі экологиялық шара қатысты. Жоба Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асты.

Фото: Алматы әкімдігі

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы өтуде. Осы акция аясында «Жасыл ел 2024» еңбек жасақтары өз жұмысын абыроймен атқарды деп айта аламыз. Жоба аясында Алматы қаласының ЖОО мен колледждерінің 2100 студентін уақытша жұмыспен қамтыдық. Келесі жылы бұдан да көп жастарды жұмыспен қамтимыз деген ойдамыз. Айта кетейін, Алматы жастары жыл бойы қаламызды көркейтуге бағытталған түрлі эко шараларға қатысады және жыл сайын олардың саны өсіп келеді», - деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.

Фото: Алматы әкімдігі

«Жасыл ел» жасақтары 3 ай бойы Алматының барлық ауданында тазалық жұмыстарын жүргізді.Олар көшелер мен саябақтарды тазалап, ағаштар отырғызып, табиғатты қорғау шараларына белсене араласты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек қала табиғатын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар жас буынның экологиялық жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Шара барысында еңбекте табандылық танытып көзге түскен студенттер
марапатталды.