Жоба Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Оның мақсаты – жастардың бастамаларын мемлекеттік қолдау арқылы дамыту және әлеуметтік маңызы бар идеяларды іске асыруға мүмкіндік беру.
Бағдарламаға 18 бен 35 жас аралығындағы Алматы тұрғындары қатыса алады. Өтінімді жеке азаматтар, бастамашыл топтар немесе жастар ұйымдары ұсына алады.
– Жобаны жүзеге асыру үшін 500 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсетіледі. Бағдарламаның жалпы бюджеті 90 миллион теңгені құрайды, – делінген хабарламада.
Байқауға экология, көріктендіру, білім беру, мәдениет, спорт, цифрлық технология, кәсіпкерлік, туризм және басқа да әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жобалар қабылданады.
– «Жастар қатысатын бюджет» жастардың қаланы дамытуға тікелей атсалысуына, өз идеяларын ұсынып, нақты жобалар арқылы жүзеге асыруына мүмкіндік береді, – деп атап өтті әкімдіктен.
Өтінімдер jasalmaty.kz порталы арқылы онлайн қабылданады.
Айта кетейік, Астана колледждеріне құжат қабылдау басталды, биыл 10 мыңнан аса грант бөлінді.