Алматыда жастарға тегін әрі жасырын көмек көрсететін 14 медициналық орталық бар

Фото: Фото: Әділжан Үмбет/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM - 12-16 мамыр аралығында Президенттің жанындағы  Ұлттық комиссияның қолдауымен Қазақстанда республикалық репродуктивті денсаулық аптасы өтіп жатыр.

Алматы әкімінің гендерлік мәселе жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Айгүл Шалбаева мегаполисте бұл акцияға байланысты үлкен іс-шаралар өтетінін атап өтті.

Оның айтуынша, жүргізілген зерттеу АИТВ туралы жасөспірімдердің 9 пайызы ғана толық білетінін көрсеткен. Ал тағы 60 пайызы одан қалай сақтанып, жүктіліктен қалай қорғану керектігін мүлдем білмейді.

- Біз осыны ашық айтып, қоғамның көзін ашқымыз келеді. Бұл жұмысқа мамандарды, дәрігерлерді, жүргізушілерді, еріктілер мен ата-аналарды да тартып жатырмыз. Жастар денсаулығы орталықтарында ашық іс-шаралар, лекциялар өтіп, жасөспірімдермен әңгімелесіп, оларға осы жүктілік жасы, психикалық көңіл күйі туралы жан-жақты ақпарат беріледі, - деді ол.

Қалада қазір терапевт, гинеколог, уролог, дерматолог, әлеуметтік қызметкер, заңгер сияқты 128 маманы бар осындай 14 орталық жұмыс істеп жатыр.

- Орталықтар «4-Д» негіздемесімен жұмыс істейді. Яғни, барынша ашық болып, бір-біріне деген сенім қалыптасады онда. Бұл деген МӘМС аясында тегін қызмет көрсету, сыр ақтарып, жастарды мазалаған мәселе туралы ой бөлісіп, сұқбаттасу деген сөз, - деді Алматының Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Дина Құсайынова.

Жастар денсаулығы орталығында мынадай қызмет көрсетеді:

- Контрацепция, отбасын жоспарлау, АИТВ туралы кеңес береді;

- Жұқпалы ауруды анықтап, оны емдеу;

- Зорлыққа ұшырағандарға қолдау көрсету;

- Адамның көңі күйіне қарай кеңес беріп, әлеуметтік бейімдеу;

- Заңгердің көмегі;

- Аурудың алдын алу, лекциялар мен тренингтер өткізу сынды жұмыстар да бар.

Жастар нақты бір емханаға бекітілмей-ақ орталыққа келіп қарала берсе болады. Бәрін құпия ұстағысы келгендердің жеке басы туралы мәлімет еш жерде жарияланбайды.

Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде мейіргерлердің рөлі едәуір артқанын хабарлады.