Алматыда жатақханадан орын таппаған студенттерге көмектесетін орталық ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда жаңа оқу жылы қарсаңында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жөніндегі Ахуалдық орталық жұмысын бастады, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Фото: Берік Асыловтың әлеуметтік желісінен

Орталық Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің (QyzPU) базасында ашылды.

Оның негізгі мақсаты – жатақханадан орын таба алмай қалған немесе орналасу кезінде қиындыққа тап болған студенттерге жедел көмек көрсету.

– Жоғары оқу орындарының цифрлық платформалары арқылы жатақханаға орын брондап үлгермеген немесе орналасу барысында қиындықтарға тап болған білім алушылар Ахуалдық орталыққа тікелей жүгіне алады. Орталық мамандары әрбір өтінішті жедел қарап, бос орындар базасы арқылы тиісті жатақханалардан немесе серіктес ұйымдардан уақытша тұру орнын ұсынуға мүмкіндік жасайды, – делінген хабарламада.

Орталықта 8 жұмыс орны ұйымдастырылған. Олардың әрқайсысы компьютерлік техникамен, цифрлық дерекқорларға қолжетімділікпен және бір мезгілде 10 қоңырауды қабылдайтын көпарналы байланыс жүйесімен жабдықталған.

Бұл мамандарға Алматыдағы жоғары оқу орындарымен және жатақхана әкімшіліктерімен тұрақты байланыста болып, студенттердің мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.

Орталықта студенттер мен келушілер үшін күту және демалыс аймағы, оқу бұрышы, кофе-брейк аймағы, сондай-ақ жиналыстар мен жедел брифингтер өткізуге арналған конференц-зал қарастырылған.

Ахуалдық орталық Алматы қаласы, Бөгенбай батыр көшесі, 142 мекенжайында орналасқан.

– Студенттер орталыққа 7 700 255 14 43, 7 700 950 95 28 және 7 727 237 01 70 телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады, – деп хабарлады министрлік.

Айта кетейік, депутат жатақхана орындарын бөлетін ұлттық цифрлық платформаны құруды ұсынды.