Алматыда жаудың жүздеген минасын жойған 102 жастағы соғыс ардагері тұрады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Екінші дүниежүзілік соғыста бір өзі жаудың 600 минасын жойған Зұлқарнай Сейітов қазір 102 жаста. Ленинград, Сталинград қалаларын азат етуге қатысып, Берлинге дейін жеткен қарт ардагермен Kazinform тілшісі әңгімелесіп қайтты.
Ғасырды еңсерген соғыс ардагері биыл — 102 жаста. Денсаулығы сыр беріп, аяғы ауырып, жүруі қиындаса да, өзін іздеп келген кісінің шаруасын тыңдап, бұйымтайын сұрамай, жібермейді.
Kazinform агенттігінің тілшісі екенімізді айтып, өзімізді таныстырғанымыз сол еді, қарт майдангер әңгімесін бірден Жеңіс күнін Берлинде қарсы алғанын бастап кетті.
Айтуынша, сол кездің әрбір сәті әліге дейін көз алдында.
— Ол ұмытылатын, жадымыздан өшетін нәрсе емес. «Соғыс бітті» деген жалғыз ауыз сөзді естігендегі қуанышты айтып жеткізу мүмкін емес. Бәріміз бірі-бірімізді құшақтап, жыладық. Әрине, ол қуаныштың көз жасы. 1945 жылы 30 сәуір күні біз Берлинде болдық. Германия «капитулировать» етті, соғыс бітті деп жариялады, — дейді қария.
Зұлхарнай Сейітов 1922 жылдың 27 желтоқсанында Омбы облысының Жаңа Кипчак ауылында дүниеге келді. 1941 жылыдың қарашасында мектепті аяқтамай жатып майданға өзі сұранып аттанады.
Алдымен жас жауынгер танк жоюдың әдісін оқып, курстан өтеді. Қару ұстап, иісшіл иттермен жұмыс істеуді үйренеді.
— Кеңес Одағында «Қызыл жұлдыз» әскери ит өсіру мектебі құрылды.1942 жылы бір ай бойы біз жаттығудың негіздерін зерттедік, содан кейін иттерді дайындадық. Үйретілген иттердің әрқайсысының жағында медициналық сөмке байланған. Ол жаралыға қарай жорғалап барып сөмкесінен бинт алып шығып, жауынгердің жараны таңуын күтетін. Осылайша олар соғыста дәрігерлерді алмастырды, — деді соғыс ардагері.
Айтуынша, иттер майдан даласында тірі адамды марқұмнан ажырата алды, көптеген жаралы ес-түссіз күйде болғанда иттер жауынгерлердің бетін жалап, есін жинауға көмектескен.
Ленинград, Сталинград қалаларын азат етуге қатысқан ол әскердің жолын жарылғыш заттан тазалап, Берлинге дейін барған.
Қарт майдангердің сөзінше, соғыста бір өзі жаудың 600 минасын жойған.
Соғыс аяқталған соң Зұлқарнай Сейітов мектеп партасына қайта отырып, оқуын тәмамдайды. Омбыдағы ауыл шаруашылығы институтына түседі. Оны бітірген соң ғылыммен айналысады.
Қазақстан-Ресей медициналық университетінің Молекулярлық биология кафедрасының профессоры Зұлқарнай Сейітов 150-ден астам ғылыми жұмыс пен монографияның, 10 оқу құралының, оның ішінде «Биохимия» бойынша 14 патенттің және 8 авторлық куәліктің авторы.
Оның көптеген әзірлемесі мен жаңалықтары бүгінде медицинада да, тамақ өнеркәсібінде де кеңінен қолданылып келеді.
Ардагер «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» және тағы басқа медальдармен марапатталған.
103 жасқа аяқ басқан соғыс ардагері Зұлқарнай Сейітов баршаға батасын беріп бейбіт те, берекелі өмір тіледі.
— Қазақ жастары өсе берсін. Еліміздің мақтанышына айналсын. Соғыс болмасын. Бейбіт заман болсын. Қазір 100 жастан астым. Бәрі сыйлайды. Өте ризамын, — деді қарт майдангер.
Ресми дерекке сүйенер болсақ, соғыс жылдары майданға 1,3 млн қазақстандық шақырылды. Қазақстанның 100 мыңнан астам сарбазы жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атанды.
Бұған дейін Президент Телерадиокешені соғыс ардагері Жақан Сейсебаевты ғасыр жасымен құттықтаған болатын.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, Жеңістің 80 жылдығына орай әрбір соғыс ардагеріне мемлекет тарапынан 5 млн теңгеден сыйақы беріледі.
Қазір мегаполисте 21 ардагер тұрады.