Алматыда жауын-шашынға байланысты кептеліс 10 балға жетті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін Алматыда күні бойы жаңбыр жауып тұр.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Жауын-шашынға байланысты мегаполис көшелерінде қозғалыс қиындады. 2GIS мәліметіне сәйкес, кептеліс деңгейі 10 балл болды. Қаланың барлық негізгі көшелері «қызыл» және тіпті «қою қызыл» түспен боялған.

Кеше Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті күн райына байланысты ескерту жасаған болатын.

«Қазгидромет» 22-24 мамыр аралығында қалада қатты жауын-шашын болатынын болжаған. Осыған байланысты құтқарушылар өзендердің тасуы және жекелеген аумақтарды су басуы мүмкін екенін ескертті.

Сондай-ақ туристер мен Алматы қаласының тұрғындарына ауа райының қолайсыздығына байланысты алдағы күндері тауға шығудан бас тарту ұсынылды.

Еске салайық, бұған дейін «Қазгидромет» мамандары Алматыда жазды күні ауа райы қалай болатынын болжады.