Алматыда жауын-шашынға байланысты коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Қазгидромет» дерегінше, 8-10 желтоқсан күндері қалада жаңбыр мен қар жауады және тұман түсіп, жел күшейеді.

Синоптиктердің болжамына қарағанда, 10 желтоқсанға қараған түні кей жерде қар жаууы мүмкін. Қалада – 6-9 см, таулы аймақтарда – 15-20 см. 11 желтоқсаннан бастап жауын-шашын тоқтап, түнде температура –13…–15°C-қа дейін төмендейді.

Қала әкімдігінің мәліметінше, коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Жүргізушілер, механизаторлар және жұмысшылар тәулік бойы кезекшілікке қойылды.

– Қалалық құтқару қызметі 15 техника мен 50 қызметкерді, ал төтенше жағдайлар департаменті 53 техника және 244 қызметкер дайындады. Әкімдік, аудан әкімдіктері, «Алматы Тазалық» және мердігер ұйымдарда жұмыстарды бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Қар жауар алдында магистральдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіледі, - делінген хабарламада.

Қала билігі тұрғындарға бірнеше ескерту де жасады:

• жүргізушілер көлік дөңгелегін қысқы шиналарға ауыстырып, жылдамдықты төмендетіп және аяқ асты бұрылмағаны жөн;

• тәжірибесі аз жүргізушілер мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдаланғаны орынды;

• ал жаяу адамдар тайғақ тротуарда сақ болып, шатырдан қар түсу қаупіне байланысты ғимараттарға тым жақын жүрмегені дұрыс.

Еске салайық, бұған дейін Алматы төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға ауа райының күрт нашарлауына байланысты ескерту жасаған еді.