Алматыда жедел жәрдем көлігіне жол бермеген жүргізуші жауапқа тартылды

Фото: Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Жүргізуші Әкімшілік Кодекстің 598-бабы 1-бөлігінің талаптарын бұзған.

Әлеуметтік желіде жеңіл көліктің жедел жәрдем көлігіне жол бермеген бейнежазбасы тарады. 

Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 22 сәуір күні сағат 15:30-да Трудовая және Әшімов көшелерінің қиылысында болған.

- Toyota көлігінің жүргізушісі арнайы шамдары қосылып тұрған жедел жәрдем көлігіне жол бермей, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 598-бабының 1-бөлігінің талаптарын бұзған. Жергілікті полиция қызметкерлері әйелді әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған қатысты алдын алу, түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлады департаменттен.

Қалалық полиция жедел тапсырмаларды орындайтын көліктерге қатысты жүргізу тәртібін сақтау тек заң талабы ғана емес, адам өмірінің мәселесі екенін ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда нөмірсіз жүрген 70-тен астам жүргізуші жазаланғанын жазғанбыз.