Алматыда жекеменшік мектеп лицензиясына қатысты дау туындады

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласында Оқу-ағарту министрлігінің өңірлік департаменті жекеменшік мектепке қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатыр. 

Әлеуметтік желіде Алматыдағы Baiterek Science & Technology School мектебі 1,5 айдан бері лицензиясыз жұмыс істеп келе жатқаны туралы ақпарат тарады. 

Алматы қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті бұл мектепке қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын растады.

– Қазіргі уақытта Алматы қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті «Baiterek School of Science and Technology» ЖШС-іне қатысты лицензиясыз білім беру қызметін жүзеге асыру фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады, - деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігінің департаменті.

Ведомство заң бойынша білім беру қызметі міндетті түрде лицензия берілгеннен кейін басталуы тиіс екенін мәлімдеді.

– «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» заңнамаға және Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 40-бабына сәйкес, білім беру қызметі міндетті түрде лицензиялануға жатады. Оқыту қызметін лицензиясыз жүргізу – заң бұзушылыққа жатады және әкімшілік жауапкершілікке әкеледі, - деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін жекеменшік мектептердің тағдырын жергілікті мәслихаттар шешетінін жазғанбыз.