Алматыда Желтоқсан көшесінің бір бөлігі уақытша жөндеуге жабылады

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ.KAZINFORM – Желтоқсан көшесінде BRT жобасы аясында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.

– 27 маусым күні сағат 08:00-ден 22:00-ге дейін Бөгенбай батыр көшесінен Жібек Жолы көшесіне дейінгі аралықта қозғалыс жабылады. Бұл аумақты Наурызбай батыр көшесі және Абылай хан даңғылы бойымен айналып өтуге болады,– деп хабарлады қалалық әкімдіктен.

Жөндеу жұмыстары жүргізілетін учаскеде ескерту белгілері, мердігер ұйым басшысының байланыс нөмірі жазылған тақта қойылды.

Еске салайық, 31 мамырдан 20 шілдеге дейін Бөгенбай батыр көшесінің бір бөлігі, 31 мамырдан 30 маусымға дейін Түрксіб ауданында Котельников көшесінің бір бөлігі жабылды. 

Сондай-ақ 1 маусымнан бастап 20 тамызға дейін Сәтпаев көшесімен Масанчи көшесінен бастап Байтұрсынов көшесіне дейін екі бағытта жол жабылды.

2 маусымнан бастап 20 тамызға дейін Ғабдуллин көшесінде Римский-Корсаков көшесінен бастап Нахимов көшесіне дейін екі бағытта қозғалыс шектелді. 

Одан бөлек Алматыда Яссауи көшесінің бір бөлігі 1 айға жуық жабылды.