Алматыда Жеңіс күніне орай 15 ардагерге біржолғы төлем берілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға Жеңіс күніне орай материалдық көмек көрсетілді.

Фото: Алматы әкімдігі

Қала әкімдігінің мәліметінше, Алматыда Ұлы Отан соғысының 15 ардагеріне Жеңіс күніне орай 5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем жасалды. Сондай-ақ 1969 жылы наурызда Даманский аралы маңындағы және 1969 жылы тамызда Жалаңашкөл көлі ауданындағы әскери қимылдарға қатысқан 17 адамға 200 мың теңгеден материалдық көмек төленді.

- 100 мың теңгеден ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 1353 тұлға, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдарға қатысқан 2955 ардагер, сондай-ақ соғыс жылдарындағы жанқияр еңбегі үшін ордендер мен медальдармен марапатталған 4713 тыл еңбеккері алды, - деп хабарлады әкімдіктен.

Сонымен қатар қайтыс болған ҰОС ардагерлерінің 191 жұбайына 50 мың теңгеден төлем берілген.

Материалдық көмек Алматы қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының тізімдері негізінде өтінішсіз төленді.

Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанда ардагерлерге берілетін біржолғы төлем сомасы белгілі болды.