Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен жасырын іс-шаралар мен жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысының әрекеті әшкереленді.
«Ол инвестициялық жобаларды іске асыру сылтауымен жеке тұлғаларға мемлекеттік жер қорынан жер учаскелерін төмен бағамен заңсыз иемденуге жәрдемдесті деген күдікке ілінді. Шенеуніктің әрекеті нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 180 000 000 теңгеге залал келтірілді», - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.