Алматыда жерлеу қызметі мен марқұмға бөлінетін орынның бағасы қанша

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/ҚазАқпарат ХАА

Алматыда марқұмдарды жерлеу рәсімі ақылы әрі зираттарда марқұмдарға бөлінетін орындардың бағасы өскен. Бұл туралы әлеуметтік желіде Алматы тұрғыны жазды, деп хабарлайды Kazinform.

 

Қала тұрғынының айтуынша, ол 2006 жылы алғаш рет марқұмды жерлеу рәсімін көрген.

«Жерлеу рәсімін алғаш рет 2006 жылы құрбымның әкесі қайтыс болған кезде көрдім. Біз оны жерлейтін орынды табу үшін Боралдайға бардық. Зират әкімшілінің өкілі мұнда бір орын 300 доллар, екі орын 500 доллар тұратынын айтты, тегін жер туралы әңгіме де болған жоқ. 2020 жылы менің әкем қайтыс болды.. Әкемді жерлеген соң, Facebook-те мен марқұмды жерлеуге қазір көп қаржы кететіні туралы көп пост оқыдым», - деп жазды қала тұрғыны.

Аталған мәселе бойынша Алматы әкімдігіне сауал жолдаған едік. Әкімдіктің мәліметінше, ҚР Жер кодексінің 109-бабы, 3-тармағы бойынша зираттар орналасқан және оларға арналған жалпы пайдаланымдағы жерлерден кенттің әрбір қайтыс болған тұрғынына немесе осы кентте қайтыс болған тұрғылықты жері жоқ адамға жерлеу үшін кемінде алты шаршы метр жер телімі тегін бөлінеді.

«Яғни, Қазақстанның кез келген азаматы қайтыс болған жағдайда, мемлекет жерлеуге жер телімін беру құқығына кепілдік береді. Ережеге сәйкес жерлеуге жер бөлу үшін өлім фактісін тіркейтін органдар беретін медициналық куәландыру негіз болып табылады. Өз кезегінде "Алматы қаласының мамандандырылған салттық қызмет көрсету комбинаты" ЖШС белгіленген тәртіппен бекітілген прейскурантқа сәйкес, сондай-ақ, ҚР-ның қолданыстағы санитарлық нормалары мен ережелеріне сәйкес салттық қызметтер көрсетеді. Бүгінгі күні Алматы қаласында 9 зират бар, оның ішіне "Кеңсай - 2", "Батыс" (Боралдай) зираттары да кіреді, онда жерлеу үшін бос жер учаскелері бар», - деп хабарлады әкімдіктен.

Әкімідк, сондай-ақ ақшаны бопсалау фактісі болған жағдайда, құқық қорғау органдарына жүгінуге болатынын ескертті.

«Одан бөлек, серіктестік әкімшілігіне келесі телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болады: 8 (727) 397-57-76 Алматы қаласы "МСҚКК" ЖШС қабылдау бөлмесі, 8 (727) 390-76-87 Алматы қаласы "МСҚКК" ЖШС инженерлік бөлімі немесе Алматы қаласы, Қайырбеков көшесі, 7-үйге келіп жолығуға болады. Жоғарыда аталған деректер бойынша серіктестік басшылығы жауапсыз қызметкерлерге қатысты түбегейлі шаралар қабылдап жатыр, сондай-ақ, кейбір қызметкерлер бұрын аталған фактілер бойынша қылмыстық жауапқа тартылғанын мәлімдейміз», - деп жазды Алматы әкімдігі.