Алматыда «Жетісу-Семиречье» базары бұзылып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда заңсыз салынған «Жетісу-Семиречье» базарын бұзу жұмыстары басталды.

Фото: Алматы әкімдігі

Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, Түрксіб ауданының Қайрат шағынауданында орналасқан базардың жалпы аумағы 56 мың шаршы метрден асады. Бұған дейін жүргізілген тексеру барысында оны «Статус Construction» ЖШС рұқсат құжаттарынсыз салғаны анықталған.

Меншік иесіне қатысты әкімшілік шара қабылданып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Алайда нұсқама талаптары орындалмағандықтан, басқарма заңсыз нысандарды бұзу туралы талап арызбен Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінген.

Фото: Алматы әкімдігі

- Алматы қалалық сотының қаулысымен мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың заңсыз нысандарды бұзу туралы шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Іс материалдары шешімді орындау үшін Әділет департаментіне жолданды. Сот шешімін орындау мақсатында меншік иесі нысандарды бұзу жұмыстарын өз бетінше бастады, - деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда «Байсат» базары аукционда 24 млрд теңгеге сатылды.