Алматыда жыл басынан бері 13 мыңнан астам көлік эконорманы бұзған

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы экобекеттерінде жыл басынан бері көлік шығарындыларының белгіленген нормадан асқан 13 мыңнан астам жағдайы анықталды.

Фото: Алматы әкімдігі

«Ренессанс плюс» ЖШС өкілдері мәліметіне қарағанда, 2026 жылдың басынан бері Алматыдағы 19 стационарлық экологиялық бекетте автокөліктердің пайдаланылған газдарына 116 мыңнан астам тексеру жүргізілді.

Мониторинг нәтижесінде улы заттар мен түтін шығарындыларының белгіленген нормативтен асқан 13 076 жағдайы анықталды. Әсіресе, Алатау және Наурызбай аудандарында ең көп заңбұзушылық тіркелген.

Компания мәліметінше, автокөлік шығарындыларына мониторинг тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл жұмыс көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу кезінде қойылатын талаптардың сақталуын бақылауға бағытталған.

— Жүргізіліп жатқан мониторингтің мақсаты — шығарынды мөлшері белгіленген нормадан асатын көлік құралдарын анықтау, атмосфералық ауаның ластану деңгейін төмендету және ауаны қорғау шараларының тиімділігін арттыру, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда маусым айында экологиялық талаптарды бұзған 200 көлік анықталғанын жазғанбыз.