Алматыда жыл басынан бері 6 үшем дүниеге келді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жыл басынан бері 603 егіз және алты үшем дүние есігін ашты.

Фото: Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жуырда № 2 қалалық перинаталдық орталықта 27 жастағы алматылық келіншек үшем ұлды дүниеге әкелді. 

Бұл ананың екінші жүктілігі екен. Енді ол төрт ұлдың анасы атанды. Үшемнің төрт жастағы ағасы бар.

— Жүктілік трихориалды триамниотикалық түрде өткен, яғни, әр сәбидің жеке плацентасы мен ұрық қабы болып, үшеуі бір-бірінен бөлек дамыған. Сәбилер кесар тілігі арқылы дүниеге келді, — деп мәлімдеді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы.

Нәрестелердің салмағы 1740 грамнан 1978 грамға дейін, ал бойы 34-37 сантиметр аралығында болды. Ата-анасы ұлдарына Омар, Мирас және Мүслім деп ат қойды.

Сәбилердің бірі екі күн бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Қазір үш нәресте де СИПАП-терапия алып жатыр. Мамандар олардың жағдайында оң динамика байқалып отырғанын атап өтті.

Үшемнің анасы ұлдарын алғаш көргенде, қатты толқып кеткенін айтты.

— Балаларымды алғаш көргенде қатты уайымдап, жылап жібердім. Өйткені олар өте кішкентай әрі әлсіз көрінді. Бірақ орталық қызметкерлері маған үлкен қолдау көрсетті. Олар медициналық көмекпен қатар, психологиялық тұрғыдан да демеу болды. Дәрігерлер мен орталықтың барлық қызметкеріне қамқорлығы, ықыласы және қолдауы үшін шын жүректен алғыс айтамын, — деді ол.

Сәбилер № 2 қалалық перинаталдық орталық мамандарының тұрақты бақылауында.

Еске салсақ, Алматыда бір айда екі үшем дүниеге келгенін хабарладық.