Кезекті профилактикалық іс-шараны Алматы полиция департаментінің профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы Алмалы аудандық полиция басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды. Кездесу барысында алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларын сақтау және заң бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда алкогольдік масаң күйде 224 қылмыс жасалған. Оның ішінде 97 дерек қасақана ауыр дене жарақатын салуға қатысты.
Алматы полиция департаменті профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы Жандос Кавлиевтің айтуынша, мас күйінде жасалған әрбір қылмыс — адам тағдырына әсер ететін қайғылы оқиға. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін алкоголь өнімдерін сататын сауда орындарымен түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды алкогольді жауапкершілікпен тұтынуға, оның салдарын ескеруге және құқық бұзушылық пен қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін әрекеттерден аулақ болуға шақырды.