Алматы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг басқармасының басшысы Дәурен Қаймұхаметовтің айтуынша, қалада жұмыс берушілердің қызметкерлерді ресми түрде рәсімдемей, жалақының бір бөлігін «бөлек» беретіні әлі де азамай тұр екен. «Көп ақша алсам болды» деген оймен азаматтардың көбі мұндай шартқа келісе салып, оның салдары қандай боларына бас қатыра бермейтін көрінеді.
– Бір қарағанда, жалақысын жасыру жұмыс берушіге де, қызметкерге де тиімді болып көрінуі мүмкін, бірақ кейін мұның кесірі тиеді. Зейнетақы мен әлеуметтік аударым жасалмағанын зейнетке шығып, декреттік төлемді, жәрдемақыны алар кезде барып бір-ақ біледі, - дейді Дәурен Қаймұхаметов.
Департамент өкілдері ресми жұмысқа орналасу адамның әлеуметтік қорғалуына тікелей әсер ететінін еске салды. Ресми аударым болмаса, еңбек өтілі есептелмейді. Зейнетақы мөлшері де азайып, еңбекке жарамсыздық парағын, демалыс ақысы мен жәрдемақыны рәсімдеуде қиындық келтіреді.
– Ресми жұмыс адамға жалақы ғана емес, әлеуметтік кепілдік те береді. Олар – зейнетақы жинақтары, медициналық сақтандыру, жұмысынан немесе еңбекке жарамсыз болып қалған жағдайда төленетін төлемдер. Сонымен қатар ресми табыстың болуы несие мен басқа да қаржылық қызметті рәсімдеу кезінде маңызды рөл атқарады, - дейді басқарма басшысы.
Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіруінше, пәтер, автокөлік немесе басқа да мүлік сатып алынған жағдайда салық органдары азаматтың ресми табысы мен сатып алынған мүліктің құнын салыстыра алады. Шығын көлемі декларацияланған табыстан айтарлықтай жоғары болса, азамат қаражаттың қайдан алынғанын түсіндіруге міндетті. Дәурен Қаймұхаметовтің айтуынша, бұл қосымша тексеріске алып келуі мүмкін.
– Ресми табыс мүліктің құнына сәйкес келмесе, мемлекеттік органдарда қаражатты қайдан алғанын қатысты сұрақ туындайды. Содан қосымша салық, өсімпұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бүгін тиімді болып көрінген нәрсе кейін осылай шығын шектіреді, - дейді Дәурен Қаймұхаметов.
Мемлекеттік кірістер департаменті барлық еңбек шарттары Enbek.kz порталында тіркелуге тиіс екенін еске салды. Зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды eGov.kz порталы, БЖЗҚ-ның жеке кабинеті, e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы мен екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы тексеруге болады.
Алматының мемлекеттік кірістер департаменті жұмыс берушілерді қызметкерлерді ресми түрде рәсімдеп, барлық міндетті салық пен әлеуметтік төлемді уақытылы аударуға үндеді. Ал азаматтар өздерінің ресми жұмыспен қамтылғанын бақылап, аударымның тұрақты түрде жүргізіліп отырғанын тексеріп отырғаны жөн.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жалақы берешегі бойынша 642 млн теңге анықталғанын жазғанбыз.