Алматыда жыл басынан бері төрт бала терезеден құлап кетті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жазғы демалыс басталғалы балалардың қауіпсіздігіне қатысты қауіп күшейді. Жыл басынан бері төрт бала терезеден құлап, тауда ондған жасөспірім құтқарушылардың көмегіне мұқтаж болған.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Алматы төтенше жағдайлар департаментінің Жою басқармасының бастығы Денис Ярцевтің айтуынша, балалардың басынан өтетін оқыс оқиғаның көбі бақылаусыз кетіп, қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамағаннан болады екен. Биыл терезеден құлаған осындай төрт бала тіркелген. Зардап шеккендер 6-8 жас аралығындағы балалар болып шықты. Қаза тапқандар жоқ.

Мұндай оқиғаның көбі көп қабатты тұрғын үйде болады. Ведомство өкілі осыған байланысты ата-аналарға терезеге арнаулы бекіткіш пен шектеу құрылғысын орнатып, балаларды ашық терезенің жанында қараусыз қалдырмауды ескертті.

– Бала терезенің алдына шығып кетпес үшін жиһазды терезеден алыстау қойып, терезеге арнаулы бекіткіш пен шектеу құрылғысын орнатуы керек. Москит торынан ешқандай пайда жоқ. Балалар оған сүйенгенде, тор баланың салмағын көтере алмауы мүмкін, - деді Денис Ярцев.

Жаз мезгілінде балалар отпен ойнап, салдарынан өрт те шығады. Сондықтан балаларға өрт қауіпсіздігі ережесін айтып, өрт шыққанда не істеу керегін әркім өз баласына жан-жақты түсіндіруі керек.

Тіпті шағын өрт ошағын байқаса да, дереу ғимараттан шығып, ересектерге хабарлап, «101» немесе «112» нөмірлері арқылы төтенше қызметтерді шақыру керегін әр бала біліп жүруге тиіс.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2025 жылы құтқарушылар Алматы мен облыстың тауында 88 жасөспірімге көмек көрсеткен. Биыл 17 бала құтқарылған.

Жазатайым оқиғаға көбінесе ересектерді ертпей, балалардың өз бетінше жолға шығуы себеп болып жатады екен. Мамандар сапарға шығарда күн райын біліп алмай, жолдың қиындығын ескермей, қажетті заттарды түгел алып шықпауы да негізгі себептің бірі деп атап отыр.

Жаз мезгілінде су айдынындағы қауіпті оқиғалар да артады. Құтқарушылар балаларға ересектердің қарауынсыз судың маңына жолауға болмайтынын, тек арнайы жабдықталған орында ғана шомылуы керегін еске салды.

ТЖД өкілдері суға батып бара жатқан адамды көрген жағдайда әрекет ету тәртібін де түсіндірді. Ең әуелі құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметін шақыруы қажет, содан кейін ғана жеке қауіпсіздік шараларын сақтап, зардап шегушіге көмек көрсетуге тырысуы керек.

Еске салайық, жыл басынан бері елімізде сегіз бала терезеден құлап, мерт болғанынын хабарлаған едік.