Алматыда жыл басынан бері жол апаттарынан 84 адам қаза тапты

Алматыда осы жылдың 10 айында 2 991 жол көлік апаты тіркеліп, 84 адам қаза тапты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Спикердің сөзінше, жыл басынан бері 1 582 980 жол қозғалысы ережелері бұзылғаны анықталды. Көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін 1718 адам ұсталды. Сот 2 443 жүргізушіні көлік құралын басқару құқығынан айырды.

«Осы жылдың 10 айында Алматыда 2 991 көлік апаты тіркеліп, соның салдарынан 3211 адам түрлі дене жарақатын алды. 84 адам көз жұмды. Біздің қаламызда «Қорғау – қауіпті жүргізуші» автоматтандырылған жүйесі жұмыс істейді, ол қозғалыстың қарсы жолағына шығатындарды, жалған нөмірлік белгілерді пайдаланатын жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды, көлік құралын басқару құқығынан айырылған, бірақ соған қарамай, көлік жүргізетіндерді анықтауға мүмкіндік береді», - деді Салтанат Әзірбек.

Полиция департаментінің ресми өкілі жол ережесін көбіне жастар бұзатынын айтты.

«Жаңадан көлік айдап жүргендер өте сақ, бірақ олардың тәжірибесі аз. Өкінішке орай, олар жағымсыз жағдайларға тап болады, апат жасайды, әрине, ауыр зардаптармен емес. Айта кету керек, ең жақсы қауіпсіз жүргізуші – тәртіпке бағынған, кәсіби, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтайтын, жол қозғалысының басқа қатысушыларына құрметпен қарайтын адам», - деді спикер.