Алматыда жылу қашан өшірілетіні белгілі болды

Фото: Фото: Pexels

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 10 сәуірден бастап әлеуметтік нысандар мен қала тұрғындарының үйлерінде жылу кезең кезеңімен өшіріледі.

Алматы әкімдігінен мәліметінше,2024-2025 жылдардағы жылу беру маусымы қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Барлығы 404 білім беру нысаны, 128 денсаулық сақтау мекемесі мен 8 863 тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтылған.

— Жылыту маусымына дайындық және өткізу қағидаларына сәйкес, Алматыда күнтізбелік бес күн ішінде гидрометеорологиялық қызметпен тіркелген орташа тәуліктік ауа температурасының +8 градустан және одан жоғары болуына байланысты жылыту маусымын тоқтату туралы шешім қабылданды,— деп жауап берді әкімдіктен Kazinform агенттігі жолдаған сауалға.

Жылу 10 сәуірде – алдымен әкімшілік ғимараттарда, білім беру мекемелерінде, мәдениет нысандарында, одан кейін тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда сөндіріледі.

Биыл ұзындығы 39 шақырым жылу желілерін қайта жаңғырту жоспарда.
Қазір жылу желілері 56,1% тозған, қабылданған шаралар арқылы бұл көрсеткішті 54,9%-ға дейін төмендету көзделген.

— Айта кету керек, 2024 жылы қалада 20 км жылу жүйесі жаңартылды, 85 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл жылу беру тиімділігін айтарлықтай арттырып, жылыту маусымын өшірмей аяқтауға мүмкіндік берді,— деп хабарлады әкімдіктен.

Бұған дейін Алматыда халықтың әлеуметтік осал тобына коммуналдық қызмет тарифтердің көтерілуіне байланысты өтемақы төленетіні туралы жазғанбыз.https://kaz.inform.kz/news/almatida-kommunaldik-tarifter-subsidiyalanadi-erbolat-dosaev-80cd94/