Алматыда жылу жүйесін цифрландыру 2026 жылға дейін аяқталады

Фото: Фото: pexels.com

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде алдағы уақытта жылу үшін төлемдерді онлайн бақылауға болатынын мәлімдеді.

Ерболат Досаевтың айтуынша, қазіргі таңда көп қабатты үйлерде барлық пәтерге ортақ жылу есептеу құралдары орнатылған. Жылу пәтердің шаршы метріне байланысты есептеледі, сондықтан төлем түбіртектері тұрғындарға кешігіп жіберіледі.

– Қазір есептегіш құралдар үйлерге ортақ орнатылған. Осы себепті төлем тұрғын үй шаршы метріне қарай белгіленеді және кешігіп есептеледі. Биыл біз есептеу процестерін цифрландыруды бастадық. Басты мақсатымыз – әр пәтерге жеке жылу есептегіш құралды орнату. Бұл тұрғындарға қанша жылу тұтынылғанын нақты түсінуге мүмкіндік береді, – деді қала әкімі.

Әкім сөзінше, жүйені толық енгізу 2025–2026 жылдарға жоспарланған. Осыдан кейін алматылықтар нақты төлемдерді онлайн режимінде көре алатын болады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда су мен жылуды тұтынудың әлеуметтік нормасы енгізілгенін жазғанбыз.