Алматыда жобадан ауытқыған құрылыс нысаны анықталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда инженерлік желілердің құрылыс нысандарын инспекциялау басталды.
Алматының қала құрылысын бақылау басқармасынан атап өткендей, мұндай нысандар жобалық құжаттаманың және жұмыстарды ұйымдастыру нормаларының сәйкестігіне тексеріледі.
– «Samryk SD» ЖШС мердігерлік ұйымының Рақышев көшесі бойынша кабель желілерін төсеу объектісін инспекциялау нәтижесінде көзбен шолып тексеру кезінде кабель төсеу тереңдігі бөлігінде жобадан айтарлықтай ауытқу анықталды. Сонымен қатар, бүкіл көшеде қоршау мен ескерту белгілері жоқ болып шықты, – деп хабарлады басқармадан.
Дәл осындай бұзушылықтар Салықов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында да анықталды.
– Басқарма инспекторлары объектілердегі құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтатты, ал мердігерге қатысты жоспардан тыс тексеру аясында әкімшілік шаралар қабылданатын болады,– деп атап өтті ведомстводан.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылы Алматыда құрылыс-монтаждау жұмыстарының тірек және (немесе) қоршау конструкцияларын тұрғызуға және реконструкциялауға қойылатын талаптарға сәйкестігін инспекциялау үшін құрылыс объектілеріне бару тәртібі күшіне енді.