Алматыда жол апаты салдарынан 653 абонент газсыз қалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бүгін, 6 қарашада Алматының Түрксіб ауданында Toyota Land Cruiser Prado көлігі қатысқан жол апаты салдарынан газ құбыры зақымданды.
QazaqGaz Aimaq АҚ мәліметінше, соққыдан шамамен 10 метр құбыр бөлігі бүлініп, алты тіреу деформацияланған. Салдарынан газ шығып, қауіпсіздік мақсатында газ беру уақытша тоқтатылды.
Оқиға салдарынан 653 абонент, оның ішінде 646 жеке үй, 3 шағын бизнес нысаны және 4 өндірістік кәсіпорын газсыз қалды.
Компанияның апаттық қызметі жедел түрде оқиға орнына жетіп шығып жатқан газды тоқтатты. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аумақ қоршалып, тәулік бойы бақылауда тұр.
— Барлық күш-жігер газ беруді қысқа мерзімде қалпына келтіруге және тұтынушыларға қолайсыздықты азайтуға бағытталған, — деп хабарлады жергілікті газ қызметі.
Оқиға туралы ақпарат жол полициясына жолданды. Жүргізушіге қатысты жауапкершілік шараларын қолдану үшін ресми өтініш берілген.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Бұқар Жырау мен Байзақов көшелерінің қиылысында газ құбыры жарылып, екі адам зардап шеккенін хабарлағанбыз.
Кейінірек апаттың алдын ала себебі белгілі болды.