Алматыда жол апатынан 19 жастағы мопед жолаушысы мерт болды
05:10, 20 Наурыз 2025
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жол-көлік оқиғасының салдарынан бір адам қайтыс болды.
Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы кеше сағат 20:50-де Алматының Алатау ауданында болған.
- Мөңкеұлы көшесімен батыс бағытта келе жатып, Сүмбіле көшесінің қиылысында мопед жүргізушісі «Жол бер» белгісіне қарамай жол қиылысына шығып кетіп, солтүстік бағытта келе жатқан «Хово» жүк көлігімен соқтығысқан. Оқиға салдарынан мопедтің 19 жастағы жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, - деп хабарлады департаменттен.
Полиция адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жол ережесін бұзған бір топ мопед жүргізушісі жазаланғанын жазғанбыз.