Қызылордада жарық неге жиі өшетін болды?
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында электр қуатын беруде іркілістің жиілеуі мен жарық сапасына қатысты арыз-шағым жиіледі. Бұған Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы түсініктеме берді.
Компания 199 мың тұтынушыға қызмет көрсетеді. Алайда, соңғы уақытта күннің күрт ысуына байланысты мәселе туындап, тұтынушыларды электр қуатымен жабдықтау ісіне наразылықтың көбейгенін компания басшылығы растап отыр.
— Оның бір себебі сырттан келетін электр желілеріндегі кернеу деңгейінің (220/35 кВ) жалпы жүйеде тұрақты болмауына (220 кВ-214кВ) байланысты. Қызылорда жылу электр орталығындағы деңгей — 220-208 кВ, 35-32,33 кВ. Осының салдарынан әуе желілері мен қондырғыларына электр қуаты өз деңгейінде жетпей жатыр. Бұл өз кезегінде тұтынушыларға тұрақты, сапалы электр қуатын жеткізуге кедергі, — делінген хабарламада.
Дегенмен, Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы электр кернеуінің деңгейін көтеру үшін қосалқы станциялардың электр желілерінде жұмысты күшейткенін мәлімдеді.
— Өңірдің қарқынды дамуына байланысты облыс әкімдігімен, «КЕГОК» компаниясымен, Қызылорда жылу электр орталығымен бірге электр қондырғыларын, әуе желілерін жаңғырту жұмысын қарқынды түрде жүргізіп жатырмыз. Мәселе қатаң бақылауда, халықты түсіністікпен қарауға шақырамыз, — делінген компания хабармаласында.
Жыл басында біз Қазақстан электр энергиясын көп тұтынатын уақытта көршілес елдерден қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр екенін жазғанбыз.