Алматыда жол апатынан екі адам мерт болды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда екі көлік соқтығысып, салдарынан екі адам қаза тапты және тағы екі адам жарақат алды.

Фото: energyprom.kz

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бүгін сағат 03:10–да Алатау ауданында, Рысқұлов даңғылы мен Шәріпов көшесінің қиылысында болған.

Алдын ала болжам бойынша Рысқұлов даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатқан Suzuki маркалы автокөлігі Шәріпов көшесінің қиылысында кері бұрылмақ болып, шығыс бағытта келе жатқан Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.

— Алған жарақаттардан Suzuki көлігінің жүргізушісі мен оның бір жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жолаушы мен Mercedes жүргізушісі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді, — деп хабарлады департаменттен.

Екі адамның өліміне алып келген жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша Алматы қаласы полиция департаментінің Тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Апаттың мән-жайы анықталады.

Еске салайық, Талдықорғанда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады.