Алматыда жол апатынан үш адам қаза тапты: оқиғаның мән-жайы белгілі болды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының полиция департаменті 21 наурыз күні әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасының мән-жайын жариялады.

Фото: Алматы ПД

Қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні Медеу ауданында болған. Әлеуметтік желілерде апат орнынан түсірілген бейнежазба тарады.

Полицияның мәліметінше, ZEEKR көлігінің жүргізушісі даңғыл бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.

Күдікті түрлі дене жарақатын алып, медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта ол күзетпен ауруханада жатыр. Жағдайы тұрақталғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалады.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Шәрібаевтың айтуынша, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталған.

– Әрқайсысына қатысты әкімшілік іс қозғалды, материалдар сотқа жолданды. Көліктер айыппұл тұрағына қойылды. Ешкім жауапкершіліктен құтылмайды, – деді ол.

Іс материалдарына бейнебақылау камераларының барлық жазбасы тіркелген. Қазір олар толық зерттеліп жатыр.

Сондай-ақ жүргізушіге алкогольдік мас күйде болған-болмағанын анықтау үшін медициналық сараптама тағайындалды. Бұдан бөлек, жол қозғалысы ережелерін бұзудың басқа да деректері бойынша әкімшілік іс қозғалған.

Тергеу Алматы қаласы полициясының ерекше бақылауында.

Полиция азаматтарды жалған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Астана – Қарағанды – Алматы тасжолында болған жол апатынан үш адам қаза тапқан еді.