Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, 3-шағынаудан, 16А мекенжайында орналасқан ғимаратты сүру жұмыстары басталды. Бұған дейін жүргізілген тексеру барысында рұқсат құжаттарының болмауына байланысты меншік иесі «Ай» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Алайда нұсқама орындалмағандықтан, материалдар сотқа жолданды.
— Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен меншік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заңсыз салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы шешім қабылданды. Нысанды сүру жұмыстары қалалық Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен басталды, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда заңсыз салынған «Жетісу-Семиречье» базарын бұзу жұмыстары басталды. Түрксіб ауданының Қайрат шағынауданында орналасқан базардың жалпы аумағы 56 мың шаршы метрден асады. Тексеру барысында оны «Статус Construction» ЖШС рұқсат құжаттарынсыз салғаны анықталған.