Алматыда жол ережесін бұзған танымал блогер жазаланды

Фото: Фото: instagram.com/daricorn.rr

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Daricorn атымен танымал блогер Дариға Нұркеева жол ережесін өрескел бұзған.

Ол көлік басқарып отырған бейнежазбасын әлеуметтік желідегі өз парақшасында жариялаған. Алматы қаласының Полиция департаменті блогер екі бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.

— Интернет кеңістікті талдау барысында белгілі блогер-қыздың жол-көлік ережелерін өрескел бұзғаны анықталды. Тергеу қорытындысы бойынша құқық бұзушы ҚР ӘҚбК-нің 595-бабының 1-бөлігі (сигнал беру талаптарын орындамау) және ҚР ӘҚбК-нің 606-бабының 1-бөлігі (апаттық жағдай туғызу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұндай әрекеттер жай ғана жауапсыздық емес, ол басқалардың өмірі мен денсаулығына қасақана қауіп төндіру. Мұның бәрі интернеттегі лайк пен қаралым үшін жасалады. Танымалдылық деңгейі, оқырмандардың саны жауапкершіліктен босатпайды. Заң — бәріне бірдей, — деп хабарлады полиция.

Еске салайық, бұған дейін Дариға Нұркееваға қатысты өзге дау болған еді. Оған байланысты балалар омбудсмені пікір білдірді.