Алматыда жол ережесін бұзып, қару көрсеткен жүргізуші ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жол үстінде қаруға ұқсас зат алып жүрген азамат ұсталды.

Фото: видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіде қала көшелерінің бірінде болған оқыс оқиғаның бейнежазбасы тарады. Онда жүргізуші екінші көліктің жолын жауып, оған қаруға ұқсас затты бағыттайды.

Алматы қаласының Полиция департаменті аталған азамат анықталып, полицияға жеткізілгенін мәлімдеді. Тексеру барысында бейнежазбада көрсетілген заттың ойыншық тапанша екені және атыс қаруына жатпайтыны да анықталған.

- Құқық бұзушыға ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Сонымен қатар оған жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша да әкімшілік іс қозғалды, - деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жүргізушіні тапаншамен қорқытқан азамат ұсталды.