Алматыда жол жөндеу кезінде жүк көлігі опырылған жерге түсіп кетті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда тағы да жол жабыны опырылды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, Қордай көшесінде мердігер ұйым «СК Стар Вэй» ЖШС ауызсу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жобаның тапсырыс берушісі — «Алматы Су» мекемесі.
— Қордай көшесінде траншеяны көму барысында арнайы техника тұрған жерде жол опырылып түсті. Оқиға орнына мамандар мен әкімдік қызметкерлері шықты. Қазіргі уақытта траншея кері көміліп, құм-қиыршық қоспасы және балласт пайдаланылып жатар. Барлық жұмыс бақылауда, — деп хабарлады әкімдіктен.
Сондай-ақ қала басшылығы қазір желіге қосу жұмыстары мен асфальт төсеу жұмыстары қатар атқарылып жатқанын атап өтті.
— Жол жабыны толықтай қалпына келтіріледі. Жұмыстарды аяқтау мерзімі осы жылдың 15 қазанына дейін, — делінген мәлімдемеде.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жол жабыны опырылып, 13 автокөлік зақымданды.
Сондай-ақ осыған ұқсас жағдай Алматы облысында болды. Жүк көлігі қазылған траншеяға құлап кетті.