Алматыда жол жұмыстары кезінде тексерілген материалдардың үштен бірі талапқа сай емес

Фото: Көлік министрлігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жол жұмыстары кезінде алынған материалдардың 32%-ы сапа талаптарына сай келмеді. Мердігерлер жолды өз есебінен қайта жөндеуге мәжбүр болған.

2025 жылы Қалалық мобильдік басқармасымен және қаланың сегіз ауданының әкімдігімен жасалған келісімшарттар аясында 509 инспекциялық тексеру жүргізіліп, соның барысында 1 385-тен астам жол-құрылыс материалдарының үлгілері іріктеліп, сынақтан өткізілді.

Жол активтері сапасының ұлттық орталығының Алматыдағы бөлімшесінің басшысы Мәулен Әліповтің айтуынша, сынақ нәтижесі бойынша 447 үлгі нормативтік-техникалық талапқа сай келмеген. Тексеру барысында 154 құқық бұзушылық анықталып, олар бойынша тиісті іс-шаралар қабылданды. 2022 жылы жол құрылыс материалдарын тексеру барысында талапқа сай келмеу деңгейі 50% болса, осы жылы — 32%.

– Біздің негізгі міндетіміз – сапасыз істелген жұмысты қабылдап, ақысын төлеуге жол бермеу. Сараптама қорытындыларының нәтижесінде мердігер ұйымдар өз қаражаты есебінен шамамен 100 млн теңгенің жұмысын қайта орындады, – деді Мәулен Әліпов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сондай-ақ ол тексерудің соңына қарай Алматының қала құрылысы бақылау басқармасына 7 өтініш жолданғанын, бір мердігер ұйымға 1,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынғанын да хабарлады.

Орташа жөндеу жобаларына сараптама жүргізуге ерекше назар аударылды. 2025 жылы Жол активтері сапасының ұлттық орталығы қаладағы 300-ден астам көшені қамтитын 72 жобаға сараптама жүргізді. Сараптама техникалық құжаттаманың негізділігін, дұрыстығын бағалауды қамтиды.

Алматыда көше-жол желісін диагностикалау жұмысы да қызу жүріп жатыр. Биыл осы заманғы жылжымалы жол зертханасының көмегімен 839 шақырым көшеде аспаптық диагностика жүргізілді. Келер жылы тағы 2 257 шақырым жол желісін тексеру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ қалада асфальтбетон жабындарын төсеудің жаңа тәсілдері қолданыла бастады. Жол төсемінің жоғары температура мен жүктемеге төзімділігін арттыру мақсатында полимерлік қоспалары бар эксперименттік қоспалар пайдаланылып, ғылыми қауымдастықтың қатысуымен гибридті асфальтбетон құрамдарын әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, Алматыда 2026 жылы 250 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.

Бұған қоса, 70 шақырым жаңа жол салу көзделіп отыр.