Алматыда Ақсай өзенінде тәулік бойы бақылау жүргізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда Ақсай өзені арнасы бойындағы гидрологиялық ахуалға үздіксіз мониторинг жүргізіп жатыр.

Видеодан алынған кадр

1 шілдеден бастап бүгінгі күнге дейін Алматы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Құтқару қызметімен, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесімен, «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағымен және Наурызбай ауданы әкімдігімен бірлесіп Ақсай өзені арнасы бойындағы гидрологиялық ахуалға үздіксіз мониторинг жүргізіп келеді.

Алматы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда жағдай толық бақылауда. Барлық жұмылдырылған қызметтердің жұмысын үйлестіретін жедел штаб өз жұмысын жалғастырып жатыр.

— 1 шілде күні таулы аймақтардан келетін су көлемінің артуына байланысты бау-бақша серіктестіктерінің біріне апаратын кірме жолдың бір бөлігіне зақым келіп, сондай-ақ электр желісінің бір бағанасы құлады. Жедел қызметтердің үйлесімді іс-қимылы мен арнайы инженерлік техниканың көмегімен жол қалпына келтіріліп, көліктің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстар толық орындалды, — делінген хабарламада.

Гидрологиялық ахуалға мониторинг тәулік бойы үздіксіз жүргізіліп жатыр. Барлық қызмет жағдайдың кез келген өзгерісіне жедел ден қоюға толық дайын.

Еске салайық, бұған дейін 2 шілде сағат таңғы 06:50 шамасында Ақсай өзенінде су деңгейі көтеріліп, Қарасай ауданы Жанатұрмыс ауылындағы «Карьер Аксай» ЖШС аумағындағы карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақ шайылды. Соның салдарынан 9 жеке үйдің тұрғындарын уақытша көшірілгенін хабарлағанбыз.

Бұл жағдайға байланысты Қарасай ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.