Алматыда ЖРВИ жұқтырған 260-тан астам бала ауруханаға жатқызылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда маусымдық аурушаңдықтың өсуіне байланысты медициналық ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Иманғалиева өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 360 төсекке арналған 11 бөлімше жұмыс істеп тұрғанын айтты. Балаларға қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасы мен оның екі бөлімшесінде тәулік бойы мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Қажет болған жағдайда қорда тағы 67 төсек қарастырылған.

- 23 қыркүйектегі жағдай бойынша Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасында ЖРВИ диагнозымен 263 бала ем алып жатыр, оның 60-да пневмония анықталған. Жансақтау бөлімінде төрт бала бар, олардың екеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, - деді Иманғалиева.

Сөзінше, ересектер үшін С.Жекенова атындағы Қалалық клиникалық инфекциялық ауруханада 200 төсек-орын дайындалған. Сондай-ақ тағы 50 резервтік төсек қарастырылған.

- Қазір онда ЖРВИ диагнозымен 59 пациент ем алып жатыр, оның ішінде 15-і – жүкті әйел. Сондай-ақ пневмониямен түскен тағы бес ересек пациент бар. Жансақтау бөлімі мен өкпені жасанды желдету аппаратында жатқан пациенттер жоқ, - деді ол.

Жүкті әйелдер үшін үйге шақыратындарға басымдықпен қызмет көрсету, күнделікті патронаж бен денсаулығын бақылау ұйымдастырылған. Қажет болған жағдайда пациенттер уақытылы ауруханаға жатқызылады.

Жүктілік мерзімі 22 аптадан асқан әйелдерге №4 Қалалық перзентханада мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Онда қазір ЖРВИ диагнозымен 32 жүкті әйел ем алып жатыр. Пневмониямен ешкім тіркелген жоқ, жансақтау бөлімі мен өкпені жасанды желдету аппаратында жүкті әйелдер жоқ.

Уақытылы әрекет ету мақсатында қалада эпидемиологиялық қадағалаудың сегіз дозорлық орталығы жұмыс істейді.

Ләйлә Иманғалиеваның айтуынша, медициналық ұйымдар қажетті дәрілік препаратпен, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген.

Тұмауға қарсы 200 мың вакцина

Тұмаудың алдын алу үшін жергілікті бюджет есебінен «Гриппол Плюс» үшвалентті вакцинасының 250 мың дозасы сатып алынды.

Тегін вакцина алатындар:

* медицина қызметкерлері,

* медициналық бақылаудағы балалар,

* алты айдан асқан жиі ауыратын балалар,

* жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар,

* сәбилер үйлерінің тәрбиеленушілері,

* медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары,

* жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдер,

* жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйелерінің созылмалы аурулары бар адамдар,

* эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцинациялауға жататын тұлғалар.

Қалған тұрғындар үшін вакцинация ақылы.

Еске салсақ, елімізде ЖРВИ жұқтырғандар саны 1,8 есеге азайғаны хабарланды.